Среда, 24.04.2024, 22:55
Главная Регистрация RSS
Приветствую Вас, Гость
Форма входа

Наш опрос
Нужен ли школе психолог?
Всего ответов: 402
Облако тегов
Порекомендуй другу
Поиск
Наш баннер



 

Нас считают

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Яндекс.Метрика
Translate this pag
Казахский язык
Онлайн переводчик SANASOFT
Главная » Файлы » Статьи ученых

СУИЦИДТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АЛҒЫШАРТТАРЫ
[ Скачать с сервера (52.5 Kb) ] 13.06.2012, 11:00

СУИЦИДТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АЛҒЫШАРТТАРЫ

 

Г.Қ. Ширинбаева - п.ғ.к., Мектепке дейінгі, бастауыш  білім беру және педагогика кафедрасының аға оқытушысы, Абай атындағы ҚазҰПУ

 

Қазіргі қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесінде адамның суицидтік көріністерін зерттеу және профилактикалық шараларды жасау мақсатында суицидтік тәуекелдің факторларын анықтау үшін суицидтік жүріс-тұрыстың мотивтерін, жағдайларын және себептеріне терең жан-жақты ғылыми негізде әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық талдау жасап, жинақтау аса өзекті болып отыр. Сондықтан да саяси тұрақсыздық және әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайларында адамдар арасындағы  әлеуметтік-психологиялық шиеленістің күннен күнге артып, ушыға түсуі, әлеуметтік қызметкерлерге әлеуметтік-психологиялық атмосфераның ерекшеліктерін ескере отырып, суицидальды адамдармен әлеуметтік профилактикалық және әлеуметтік-терапевтік іс-шараларды ұйымдастыру  туралы жауапкершіліктерді арттыруда. Адамдардың осындай психикалық күйіне әлеуметтік әсер етулердің елеулі екендігі туралы өзін-өзі өлтірумен (суицид) аяқталған көрсеткіштер бойынша пікір айтуға болады. Соңғы жылдары өзін-өзі өлтірулердің күн санап таралғандығы, (ал мұндай өзін-өзі өлтірулер күн сайын 1000-нан аса жасалады – барлығы жылына 500 мыңға жуық) – бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңызды әлеуметтік және қоғамдық мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр [1].

Өзін-өзі өлтіру халықтың өлім-жітімге ұшырауының ең кең таралған себептерінің бірі болып табылады және қоғамның денсаулығына, әлеуметтік тәртіптің, нормалардың бұзылуына және экономикаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Яғни өзін-өзі өлтіруге тырысқан адам өз-өзіне қастандық жасау арқылы ұзақ ауруға, ал кей кездері өмір бойы әлеуметтенуден кейін қалатын мүгедектікке алып келеді. Суицид өмірмен қош айтысуға әрекет жасап көрген адамның ғана емес, оны қоршаған ортаның психикасын бұзатын, қоғам үшін, әлеуметтік жүйенің қалыпты қызмет атқаруына кедергі болып табылатын жауапсыз іс-әркет. Қоғамдық өмірдегі белсенді өзгерістер күн өткен сайын жылдам өтетін сипатқа ие бола бастауда, осының нәтижесінде алуан түрлі таптар мен әлеуметтік топтар тең емес жағдайларда қалады, бұл өз кезегінде суицидтік жүріс-тұрысқа жол ашатын алғышарт ретінде қарастырылады. Дағдарысты жағдайлар мен суицидтік іс-әрекеттердің даму барысында адамдардың жас кезеңдері маңызды мәнге ие болып келеді. Зерттеушілер бұл жағдайда өздерінің ерекше белгілері бар үш  жас аралығын бөліп көрсетеді: балалар мен жасөспірімдер, еңбекке жарамды жас және инволюциялық кезең [2].

Э.Дюркгейм алға тартқан концепцияға сәйкес, өзін-өзі өлтірулердің пайызы (өзін өзі өлтірулер санының халық санына қатынасы) бірнеше әлеуметтік айналымға ғылыми енген: діни, отбасы, саяси, ұлттық және топтардың барлық түрлерінің (үлкен, орта, шағын, микротапда т.б) арасындағы әлеуметтік  қарым-қатынастардың функциясы болып табылады. Зерттеуші ғалым бұл өмірде адамдардың әр түрлі әлеуметтік қарым-қатынасқа түсетінін және бұл қатынастың мәні өмірдің саналылығына берілетінін ескере келе, «Өзін-өзі өлтіру негізінен алғанда индивидтің ішкі қасиеттеріне емес, адамдарды басқаратын сыртқы себептерге байланысты» факторлармен түсіндірілетін аса маңызды әлеуметтік себептерді айқындайды. Э.Дюркгейм өзін-өзі өлтіру шарттарының: эгоистік, альтруистік, аномиялық және фаталистік төрт түрін бөліп қарастырса, оның шәкірті М.Хальбваск бұл жіктемені өзін-өзі өлтірулердің пайда болған жаңа түрлерімен – кінәсін өтейтін, қарғыс айтатын,  дезиллюзионды түрлерімен толықтырады [3].

Э.Дюркгейм бойынша эгоистік өзін-өзі өлтіру түрі тұлғаның өзіндік сана құрылымындағы жеке идеалды немесе реалды «Мен» бейнесін әлеуметтік-психологиялық «Мен» бейнесіне қарама-қарсы қойған кезде орын алады. Себебі: әлеуметтік-психологиялық «Мен» тұлғаның мінез - құлқын және іс – әрекетін реттейді. Ал тұлғаның өзін бағалау мен өзін силау – «Меннің» ең маңызды регулятивті қызметтері болғандықтан, олар «Мен» бейнесінің дифференсациялануын, субьективті мәнділігінің артуын тұлға ретінде дамып, жетілуін үнемі қадағалап отыратын негізгі көрсеткіші ретінде қарастырылады. «Мен» бейнесі тұлға өміріндегі негізгі мотив болғандықтан өзіндік жандандыру тенденциясы ретінде, ағзаның барлық қабілеттерін дамытып қоймай, тұлға дамуы мен тұтастығын да қамтамасыз етіп отырады. Өмірден кетудің бұл түрі өзін қоршаған әлеммен аз нәрсе байланыстыратын, жалғыздыққа бейім келетін, жалғыздық пен бөтендікті, түсінбеушілік пен қажеттілікті сезінетін, мінезінің патологиясы, тұлғасының акцентуациялары және бұзылулары бар адамдарда айтарлықтай жиі кездеседі.

Альтруистік өзін-өзі өлтіру жеке бас мүдделері қоғамдық әлеуметтік мүдделермен мүлдем сіңісіп кеткен, жоғары идеяларға бағыт-бағдар алған, қоғамдық мүдделермен өмір сүретін және өз өмірін қоршаған адамдардан және қоғамнан жырақта қарастырмайтын адамдарда кездеседі. Альтруистік суицидтерді психикалық тұрғыдан сау адамдар да, ауру адамдар да жасайды.

Фаталистік өзін-өзі өлтіру әр түрлі топ тарапынан адам төзгісіз күшейтілген бақылаудың, тұрақты шектеулердің көп болуының нәтижесінде туындайды, осының салдарынан адам болашаққа сенбей өзін құрабан етеді.

Тұлғалық мағынасы бойынша өзін-өзі өлтірулерді келесідей жіктеуге болады: 1) наразылық немесе кек алу: адам психологиялық тұрғыда өзін ешкім де жақсы көрмейді, бағаламайды және түсінбейді деп санайды да, өзін ренжіткен адамдардың агрессиялық әрекеттерін өзіне қарай қабылдайды; 2) үндеу: адам өзін ешкімге керексізбін деп санайды да өзінің әрекетімен қоршаған ортаны, топтарды, адамдарды көмек көрсетуге үндейді; мұндай жағдайда суицидтің мақсаты – орын алған мәселені басқа адамдардың көмегімен өзгерту болып табылады; 3) қашқақтау: адам қандай да бір жағдаятта жапа шегеді және одан әрі болашақта одан да қиын жағдайлар туындайды деп есептеп, қиындықтан шығудың  жалғыз ғана тәсілі – өлім деп санайды; 4) өзін-өзі жазалау: адам өмірде өзіне кешіре алмайтын іс-әрекет жасағаны үшін, «сотқа» және «сотталушы» ретінде өзін осылайша жазалай отырып, өз кінәсін өтейді; Сонымен қатар А.Е.Личко өзінің зерттеулерінде суицидтік әлеуметтік жүріс-тұрыстың үш түрін: демонстративті, аффективті және шынайы деп көрсетеді [4]. 

Осының ішінде қоғамдық ортада көп кезедесетін демонстративті суицид – қоршаған адамдарға әсер ету мақсатына ие болып табылады. Мәселен: жағымсыз нәрселерден арылу, аяушылық, тілектестік тудыру немесе жай ғана өзіне назар аудару. Бұл кезде өмірден кетудің тек қана қауіпсіз тәсілдері (иық маңындағы қан тамырларын кесу, дәрі қабылдау, төменгі қабаттардан секіру және т.б.) таңдап алынады. Адам суицидтің қатаң бұл әрекетін, орыны мен уақытын басқалар дер кезінде байқап қалып, көмек көрсететіндей етіп алдын ала жоспарланған түрде таңдайды.

 Қазіргі ғылыми әдебиеттерде өзін-өзі өлтірудің себептері анықталып олардың мазмұны әлеуметтік-психологиялық, биологиялық алғышарттар кешені ретінде қарастырылуда. Мәселен: Ортақ әлеуметтік факторға әлеуметтік жүйенің тұрақтылық дәрежесі (нормалар мен құндылықтардың тұрақтылығы, әлеуметтік шиеленіс деңгейі, әлеуметтік бақылаудың күйі); олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігіндегі айырмашылықтарға себепші болатын, әлеуметтік топтар мен таптардың бірдей емес орны жатады. Спецификалы әлеуметтік факторға аймақтың ерекшелігі, халықтың тұрақтылық дәрежесі, қоныстану тығыздығы, демографиялық құрылымында диспропорциялардың бар-жоқтығы, экологиялық жағдайлары жатады. Оның ішінде суицидтік жүріс-тұрыстың ішкі факторлары болып суицидент тұлғасының жеке ерекшеліктері (мінезі, психофизикалық және эмоциялық күйі және т.б.) жатады. Сыртқы факторларға биологиялық сипаттағы микроәлеуметтік жағдайлар, ең алдымен отбасы тәрбиесі және коммуникативтік байланыстар жатады. Нақтылы суицидтік актілерді бағалаған кезде ішкі, сыртқы факторлар, мотивтер мен жағдаяттарға байланысты болып келеді.

Осындай аса маңызды мотивтердің жіктемесін С.В.Бородин мен  А.С.Михлин ұсынған. Олар тұлғалық-отбасылық кикілжіңдерді, ажырасуды, қоршаған ортада адамдар тарапынан балағаттауды, жақындардың ауруын немесе өлімін, жалғыздық, бақытсыз махаббат, сексуалдық қауқарсыздықты; денсаулық жағдайын (психикалық, соматикалық аурулар, кемтарлықтар); суициттің әлеуметке қарсы жүріс-тұрысымен байланысты кикілжіңдерді (қылмыстық жауапкершіліктің қауіптілігі, жазадан қорқу); жұмыспен немесе оқумен байланысты кикілжіңдер; материалдық-тұрмыстық қиындықтар және т.б. түрлерін бөліп қарастырады [5]. 

Өзін-өзі өлтірулер санының артуының негізгі ортақ себебі – бұл адам жалғыздығының артуы барысында, оның қоғамнан қол үзуі, өз кезегінде қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақсыздығының нәтижесі болып табылады. Осылайша, өзін-өзі өлтіру себептерін зерттеген кезде, олардың мотивтерін ғана емес, әлеуметтік қоршаған орта мен адамды сипаттайтын жағдайларды да, сонымен қатар адамның қоғамдағы орнын анықтайтын, қалыпты өмір салтынан болып тұратын әлеуметтік ауытқуларды да есте ұстаған жөн. [6].  

Әлеуметтік қызметкер адамның суицидтік жүріс-тұрысын анықтауда және өзін-өзі өлтіру әрекетінің жүзеге асырылуын болдырмау барысында маман ретінде құзыреттілік амал-тәсіл, шараларын қолдануға қабілетті болуы керек. Суицидтік жүріс-тұрысқа бейім адамдармен жұмыс әлеуметтік педагог қызметінің ең күрделі, жауапты бағыттарының бірі болып табылатындықтан, оны жүзеге асыруға жүйелі түрде келуі қажет.

Біріншіден, бұл отбасы ішіндегі қарым-қатынастардың теріс факторларын жою. Екіншіден, бұл тұлғааралық қатынастарды оңтайлы ету, суициденттерге көмек көрсетуге әртүрлі мекемелерді, «мүдделерді қорғау жөніндегі қоғамдарды», т.б. әлеуметтік институттарды қосу. Бірақ әлеуметтік қызметкердің негізгі күш-жігері суицидке алып келуі мүмкін болатын факторларды және кикілжің жағдайды анықтауға және жоюға бағытталуы тиіс. Осы шаралардан өзге, әлеуметтік қызметкер клиенттерге қажетті әлеуметтік көмек түрлерін (материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық) көрсетілуіне жәрдемін береді, суициденттің жақындарына және туған-туысқандарына қолдау көрсетеді. Бұл іс-әрекеттер адам өмірін сақтап қалатын және олардың жақындары мен қоршаған адамдарына қайғы-қасірет әкелмейтіндіктен, аса маңызды бағыттардың бірі ретінде өзін-өзі өлтіру фактілерін алдын алу профилактикасы болып табылады. Өзін-өзі өлтіру алдын алу профилактикасының ерекше жауапты кезеңі суицидентке әлеуметтік   қызметкер  тарапынан  қолдау   көрсету   болып табылады. Практика көрсетіп отырғандай, әлеуметтік қызметкер тарапынан өзін-өзі өлтіруді ойластырып жүрген адамға көмек берудің үш негізгі тәсілі бар: дер кезінде диагностикалау және суицидентті тиісінше емдеу; депрессия жағдайында тұрған адамға белсенді эмоциялық қолдау көрсету; жағдайды жеңілдету мақсатында оңтайлы оңды бағыттарын ұйымдастыру; Профилактикалық жұмыстарды тек қана әлеуметтік қызметкерлердің күшімен ғана жүзеге асыру мүмкін емес, өзін-өзі өлтірулерді болдырмау жөніндегі жоспарлы іс-шаралар ұйымдастыруға бағытталған бағдарламаның болуы шартты болып табылады. Оны жүзеге асыру үшін медициналық психологтарды, кеңесші психологтарды, діни орын қызметкерлерін, алуан түрлі қоғамдық және мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен әлеуметтік қызметтердің қызметкерлерін, волонтерлерді тарту, өз өзіне көмек беру топтарын құру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуын қамтамасыз ету қажет. Олардың қызметтері, іс-әрекеттері келесі бағыттарға бағытталуы керек: тәулік бойғы, телефон арқылы байланыс орнатып көмек беру; халықтың өзінде және жақындарында дағдарысты күйдің және орын алғалы жүрген суицидтің белгілерін танып-білуіне бағытталған, қарапайым халыққа арналған әлеуметтік білім беру бағдарламалары; суицидтің орын алуына себеп болатын қауіпті күйлерді (жасырын депрессиялар, жарақаттан кейін стресске шалдығу, наркологиялық аурулар) болдырмауға бағытталған, медициналық қызметкерлерге арналған әлеуметтік білім беру бағдарламалары; суицидке тәуекел жасау тобындағы адамдарды (әсіресе суицидтік әрекет жасауға тікелей қатысты) белсенді түрде анықтау және оларды бақылау; халыққа әлеуметтік-психологиялық кеңес беру; психотерапиялық-сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыратын дағдарыстық стационарлар; дағдарыстық стационардан шыққан суицидке тәуекел жасау тобындағы адамдардың амбулаториялық емдеуін жалғастыратын, күндізгі және түнгі стационарлар жанындағы жеке меншік (оларға жұмыс істеуге және қалыпты терапия алуға мүмкіндік беретін) госпиталь институтын құру; токсикологиялық орталықтар, дағдарыстық стационарлар мен амбулаториялық қызмет арасындағы мирасқорлықтар ұйымдастыру; өзіне-өзі және өзара көмек көрсету топтарын құру; өлім тақырыбына тыйым салынуын алып тастау. Қазіргі қоғамда өзін-өзі өлтірумен тек қана үрейлілікті азайтатын және көңіл-күйді жақсартатын дәрілер тағайындау арқылы күресу мағынасыз, мәнсіз болғандықтан, суициденттерді емдеудегі медициналық-биологиялық амал-тәсілдің тек қосалқы, көмекші сипатқа ғана ие болып отырғаны белгілі. Бірақ, егер өзін-өзі өлтіру үшін жасалған әрекет невроздар, психопатиялар немесе өзге де психологиялық аурулар болған болып, адам өзінің жүріс-тұрысына бақылау жасауды қалпына келтіре алмаса, медицина қызметкерлеріні араласуы жоққа шығарылмайды. Жалпы медицина ғылымында жүргізілген практикада суицидтік пациенттердің профилактикасындағы, күйін бағалаудағы және оларды бақылаудағы, суицидке тәуелділікті болжау және бағалаудағы дәрігерлердің маман ретінде маңызды кәсіби рөлі дәлелденген. Сондықтан өзін-өзі өлтіру профилактикасының медициналық аспекті, бір жағынан, психиатриялық көмекті жалпы соматикалық емдеу мекемелерінің оған мұқтаж болып отырған пациенттеріне жақындастырудан, ал екінші жағынан – жалпы профиль дәрігерлерінің депрессиялы аурулардағы депрессияның және суицидтік құбылыстардың клиникасы мен терапиясы мәселелеріндегі ақпаратқа ие болу деңгейін арттырудан тұрады. Ал енді дәрігердің бақылауы және диагностикалық әңгімелесуі негізгі көмек болып табылады. Пациенттің бойынан депрессиялық бұзылуға шалдығудың және әсіресе суицидтік көріністердің табылуы дәрігерге айтарлықтай жауапкершілік жүктейді және оны психиатрдың кеңесіне жүгінуге мәжбүр етеді. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде өзін-өзі өлтірудің алдын алу профилактикалық жұмысында акцентті коммуникативтік деңгейге көтеру, күш-жігерді потенциалды суициденттердің өзін-өзі өлтіру деңгейін төмендетуде маңызды рөл ойнауы мүмкін отбасыларымен, туған-туысқандарымен, көршілерімен әлеуметтік байланыстарын сақтауына бағыттау және суицидтің алдын алу жөніндегі дағдыларын жетілдіру ұсынылады [7]. 

Қорыта келе, халықтың психикалық мәдениетін арттыру үшін алдымен суицид мәселесі жөнінде кешенді әлеуметтік-профилактикалық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, имандылық тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып отыру керек. Сонымен қатар, суицидтік әрекетке бейім адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін қоғамдық ұйымдардың санын кеңейту, оларды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, біліктілігі жоғары – психолог, әлеуметтік педагог, дәрігер, психиатр мамандарын дайындау қажет.

 

1.    Ефремов В.С. Основы суицидологии. – СПб.: Диалект, 2004. – С.69.

2.    История социологии в Западной Европе и США: Учебник для вузов. – М.: Норма; ИНФРА, 1999. – С.45.

3.    Дюркгейм Э. Самоубийство. Социологический этюд. – М.; мысль, 1994. – С.114.

4.    Личко А.Е. Психопатология и акцентуации характера у подростков. – СПб., 2000. – С.23.

5.    Бородин С.В., Михлин А.С. Мотивы и причины самоубийства // Актуальные проблемы суицидологии. – М., 1999. – С.31.

6.    Сорокин П.А. Самоубийство как общественное явление //

Социологические исследования. – 2003. - №2. – С.104.

7.    Гилинский Я.И. Самоубийство как социальное явление. Проблемы борьбы с девиантным поведением. – М., 1999. – С. 65.

Категория: Статьи ученых | Добавил: flower
Просмотров: 8449 | Загрузок: 1452 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]